Толық кеңес алуға арналған байланыс номері:
8(716-37)5-13-05
Біздің электрондық пошта: kppkkorgalzhyn18@mail.ru
«Бала тілі – бал» деп бекер айтылмаған. Кішкентай баланың тілі енді шығып, былдырағанда қызық көріп сөйлететініміз бар. Алайда соңғы кездері баланың тілі кеш шығуы жиілеп барады. Бұған денсаулық сақтау саласының мамандары да алаңдаушылық білдіріп отыр. Әлбетте, баланың сөйлеу қабілетіне кері әсер етіп, оны бұзатын себептер көп. Бала құрсақта жатқанда анасының жиі ауруы, ұзақ уақыт емізік емген бала таңдайының дұрыс қалыптаспауы, қорқып секем алудан тұтығу пайда болуы секілді себептер тізіледі.
Солардың ішінде баланың тілі ерте шығуына ата-ананың тәрбиесі маңызды рөл атқарады. Мәселен, Масару Ибуканың «3 жастан кейін кеш қалдыңыз» кітабында жақсы мысал келтірген. Онда бір отбасының тұңғышы олар жас, үйлері тар кезде өмірге келеді. Сондықтан ата-анасы баланың қасынан әркез табылып, үнемі сөйлесіп отыруды дағдыға айналдырады. Айналада болып жатқан барлық дыбыстарды, әңгімені естіп үйренген бала тілі тез шығып, өсе келе сөзшең, ашық, ойын жақсы жеткізе алатын болады. Ал, бірнеше жылдан кейін екінші сәби өмірге келеді. Қарындасына ата-анасы бөлек бөлме дайындап, тыныш, түрлі дыбыстардан аулақ жерде өсіреді. Қыздың өсе келе мінезі тұйықталып, көп сөйлемейді. Бұл баланың дүниеге келген күннен бастап түрлі дыбыстарды, адамдардың дауысын, сөйлеген сөздерін, әңгімесін естіп өсуі керектігін дәлелдейді. Бастапқыда бала тек ғана есту арқылы айналаны қабылдап, сөйлемесе де өзінің түсініп жатқанын ым-ишарамен білдіреді. Сол себепті кішкентай кезінен тілді және тіл ерекшеліктерін айыра білу қабілеті дамиды. Кезінде саяхатшы А.Янушкевич «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар сөзге шешен, әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі» деген екен. Тарихқа зер салатын болсақ, жастарға үлкен сенім артқан Мағжан Жұмабаев атамыздың тілі ерте шығып, төрт жасында хат таныған. Баланың тілі ерте шығу үшін ата-бабамыз түрлі ырымдар да жасаған. Ал қазір 3-4 жасар балғындардың көпшілігінің тілі анық емес. Мұны күнделікті ортада да аңғарып жүрміз. Ата-аналардың тығыз жұмыс барысының әсерінен баламен қарым-қатынас, өзара сөйлесу процессі жүрмейді. Соның әсерінен бала теледидарға, ұялы телефондарға әуес болып, жалпы сөйлеу тілінің дамымау салдарына әкеп соғады.
Тіпті кейде бала сұрақты көп қойып жатады. Ал, оған сабырлық пен байыппен жауап берудің орнына дүрсе қоя беретініміз жасырын емес. Балаға бала тілімен сөйлеп жатамыз. Мамандардың айтуынша, ата-ана баласына анық, түсінікті етіп жауап беруі керек. Сонда бала сөзді дұрыс айта біледі.
Жалпы, бала алты айлық кезінен бастап уілдесе, 3 жасқа дейін сөздерді анық айтып, одан жоғары жаста сөйлем құрап, ойын жеткізеді. Сондықтан бала тілі шыққанда аса мән беріңіз. Тек уақыт өткізіп, қолыңызды мезгілінен кеш сермеп қалмасаңыз болғаны...
№18 Психологиялық-Педагогикалық Түзету Кабинеті
Дефектолог-логопед: Рахымберлі Гүлдана Мағауияқызы